Қызылордада 136 округте мәслихат сайлауы өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында 29 қарашаға белгіленген кезектен тыс мәслихаттар сайлауында облыстық, қалалық және аудандық деңгейде 152 депутат сайланады.

с
Фото: Үкімет

Сайлау процесін әзірлеу мен ұйымдастыруға арналған арнайы күнтізбелік жоспар бекітілді.

- Өңірде 9 аумақтық, 136 округтік, 386 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Бүгіннен бастап қала және аудандарда округтік комиссиялар жұмысына кірісті. Себебі 14 қазаннан 27 қазан күнгі сағат 18.00-ге дейін кандидаттардан ұсыну құжаттары қабылданады. Кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады, - деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.

Бұл науқан аралас жүйеде, яғни партиялық тізім және өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында өтеді. Округтік сайлау комиссиялары әрбір кандидаттан заңнама талаптарына сай құжаттарды қабылдап, ұсыну қорытындысын шығарып, тіркейді.

Бүгінде 136 округте 670 комиссия мүшесі қызмет атқарады.

Еске салайық, Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионнан астам азамат дауыс бере алады.