Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сараптама барысында өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ таңбалану талаптарының сақталуына назар аударды.
- Биылғы үшінші тоқсан қорытындысымен мониторинг аясында барлығы 1444 тауар зертханалық тексеруден өтті. Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы зертханасының қорытындысы бойынша 235 сынамадан сәйкессіздік анықталды. Оның 70-і таңбалау талаптарына сәйкес келмеген, - деді департамент басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.
Өнімді таңбалау – тұтынушыға тауардың сапасы, құрамы, өндірушісі, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары туралы ақпарат берудің негізгі жолы. Қолданыстағы талапқа сәйкес тамақ өнімдерінің қаптамасында оның атауы, құрамы, мөлшері, өндірушінің атауы мен орналасқан жері, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, тағамдық және энергетикалық құндылығы көрсетілуі тиіс.
- Бұл мәліметтердің болмауы немесе анық жазылмауы сатып алушының дұрыс таңдау жасауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан өнімнің қаптамасындағы ақпаратқа немқұрайлы қарамаған жөн. Тұрғындарға тауар сатып аларда қаптамасы мен орамының бүтіндігіне, сыртқы түріне, жарамдылық мерзіміне назар аударуды ескертеміз. Сонымен қатар өнімнің құрамы мен өндірушісі туралы мәліметтердің бар-жоғын және ақпараттың мемлекеттік әрі орыс тілдерінде жазылғанын тексеру қажет, - деді департамент өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында сауда орындарындағы 52 өнім сынамасынан сәйкессіздік анықталды.