Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, оның басым бөлігі Қызылорда қаласында. Атап айтқанда, облыс орталығында құлағалы тұрған 63 баспана бар. Апатты жағдайдағы үйлердің 3-і Қармақшы, 2-і Сырдария, 1-і Жалағаш ауданында.
— Тұрғын үй кезегінде жалғыз баспанасы апатты деп танылған 673 тұрғын тіркелген. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 2025 жылдың наурыз айында 135 пәтер табысталды. Апатты жағдайдағы 3 үй бұзылды. Биыл 135 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы қаралды, — делінген хабарламада.
Өңірдегі 1505 көппәтерлі баспананың 601-і күрделі жөндеуді талап етеді. Көрсеткіш 2011 жылғы 73%-дан 40%-ға төмендеді.
— 2024 жылы республикалық бюджеттік кредит есебінен 33 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Оның 18-і Қызылорда қаласы. Аралда 6, Жалагашта 2, Сырдария ауданында 7 үй жаңа кейіпке енді. 2025 жылы 14 үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,4 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды, алайда қаржы бөлінбеді, — деп мәлімдеді басқарма.
Биыл 24 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 4,0 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Еске салайық, жуырда Қазақстанда апатты жағдайдағы үйлердің саны қанша екеніне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.