Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен 1686 құқықбұзушылық анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы өңірдегі ахуал тәулік бойы бақылауда.

Фото: Қызылорда облысының Полиция департаменті

Бейнебақылау жүйелері құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Мәселен, бір апта ішінде бейнекамералардың көмегімен 1686 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындарды ластаудың 110 дерегі және абаттандыру қағидаларын бұзудың 25 дерегі тіркелді. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша тиісті материалдар сотқа жолданды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, бір апта көлемінде жол қозғалысы қағидаларын бұзған 1358 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Оның ішінде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің автокөліктері айып тұрағына қойылды. 6-7 қараша күндері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған Chevrolet Cobalt және Audi маркалы автокөліктердің жүргізушілері соттың шешімімен әкімшілік қамаққа алынды.

Осы ретте полиция қызметкерлері тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, жол қозғалысы қағидаларын бұзбауға, көлік құралын масаң күйде басқармауға және өзге де құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

Ал кеше Қызылордада дрифт жасап, жол ережесін бұзған екі жүргізуші жазаланды.