Қызылордада бір аптада 5 мыңға жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтіп тұрады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Рейд барысында вандализмнің алдын алуға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесуге және жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтауға басымдық беріледі.

– Апта көлемінде 5 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 1069, көлікті мас күйде басқарудың 26, сондай-ақ жолаушы мен жүк тасымалдау, қауіпсіздік белдігі мен мотошлемді пайдалану талаптарын сақтамаудың 1620, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзудың 18 дерегі анықталды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Құқықбұзушылықтарды жедел анықтап, олардың жолын кесу және қайталануына жол бермеуде цифрлық технологиялар мен бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндігі пайдаланылады.

Еске салайық, Жамбыл облысында полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 391 құқық бұзушылықтың жолын кесті.