Қызылордада екпеден бас тартқандар саны 1,7%-ға артты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы егуден бас тартқандар қатары азаймай тұр. Биыл 6 айда олардың саны өткен жылғыдан 1,7%-ға жоғарылады.

Коллаж: Kazinform/Nano Banana

— Профилактикалық екпемен қамту деңгейі оптимальды көрсеткіштен төмен болды. Осыған байланысты біз облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмысты күшейттік. Жыл басынан бері 27 ата-ана екпе туралы көзқарасын өзгертіп, балалары екпе алды, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Мамандар профилактикалық екпенің маңызын атап өтті. 

— Қызылша ауруының жиілеуіне байланысты іске қосылған қосымша екпе салу науқанының нәтижесінде 5450 адам екпемен қамтылып, аурушаңдық төмендеді. 2026 жылдың алғашқы 2 айында 25 дерек есепке алынса, наурыз, сәуір айларында бірде-бір дерек тіркелген жоқ, — деді ол.

Бұған дейін біз Қызылордада бруцеллез ауруының 21 жағдайы анықталғанын жаздық.