Былтыр бұл көрсеткіш 946 болса, биыл 6 айда 1425-ке жетіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұған зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтардың 5%-дық жарнапұлды талап етуі, жеке мектеп, балабақша қызметкерлері тарапынан өтініштің көбеюі себеп болып отыр.
– Осыған байланысты тексеру саны 14,6%-ға артты. Тексеру нәтижесінде былтыр жарты жылда 151 кемшілік анықталса, биыл ол 289-ға жетті, яғни 19,1%-ға көп. 15,1%-ға артық нұсқама беріліп, 7,7 млн теңге немесе былтырғыдан 11,3%-ға жоғары айыппұл салынды, – деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.
Департамент профилактикалық бақылау функциясын қоса атқарады. Былтыр қандай мекемелер мен кәсіпорындарға қатысты арыз-шағым көп түсті, сонда профилактикалық бақылау жүргізеді. Биыл мұндай бақылау саны да еселенген.
Еңбек ұжымдарындағы ахуал аталған ведомствоның басты назарында.
– Бұл – облыстың қоғамдық-саяси ахуалына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Жыл басынан бері бірқатар кәсіпорын жұмысшыларының талабы орындалды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмысшыларының талабымен олардың жалақысы 12,3%-ға өсті. «Аралтұз» акционерлік қоғамының қызметкерлерінен еңбек жағдайын жақсартуға байланысты бірнеше тармақтан тұратын арыз-шағым түскен еді. Олар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін сүт, айран, арнайы киім-кешек берілуі керек талап қойды. Одан бөлек, қосымша еңбек кестесі бекітілмегені, еңбек демалысының уақытылы берілмегені анықталды. Мәселелер қалпына келді, – дейді аймақтың бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Оның айтуынша, «Қуат Амлон мұнай» компаниясының жұмысшыларынан да еңбек жағдайын жақсартуға қатысты бірнеше шағым түскен. Тексеру барысында басшылықтың түнгі ауысымдағы жұмысшыларды қысқартқаны анықталыпты.
– Күндізгі және түнгі ауысымға екі түрлі тарифпен жалақы төленетіні белгілі. Жұмысшылардың жанайқайы облыс әкіміне жетіп, құзырлы мемлекеттік органдардың араласуымен шешімін тапты. «Қамқор» локомотив серіктестігінің Арал ауданының Сексеуіл және Қазалы ауданының Әйтеке би кенттеріндегі филиалдарында жұмысшылардың талабы орындалып, жалақы 10%-ға көтерілді, – деді Бектемір Жұмағұлов.
Бұған дейін біз Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта еңбекақыны уақтылы төлемеу фактілері ресми тіркелмегенін жаздық.