Қызылордада есірткіні заңсыз жарнамалайтын 38 граффити жазуы жойылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Фото: polisia.kz

Облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, шара барысында 2446 проблемалық тұрғын үй мен өзге де нысан тексеріліп, көші-қон заңнамасын бұзудың 253 дерегі анықталды. 

- Қала бойынша шаруа қожалықтары, қыстаулар мен қысқы жайылымдар, иесіз қалған нысандар, саяжай үйлері, көпқабатты үйлердегі пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер тексерілді. Жалға берілетін 100 пәтер тексеріліп, тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмысы өтті. Жалдамалы пәтерлерде анықталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік кірістер органына 30 ақпараттық хат жолданды, – деді департаменттің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Рауан Әлдешов.

Көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру нәтижесінде ел аумағында заңсыз жүрген 240 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 13 адамды Қазақстан аумағынан мәжбүрлеп шығару туралы материалдар сотқа жолданды.

- Қару айналымын бақылау аясында 1335 қару иесі тексерілді. Сақтау және тіркеу мерзімі бұзылған 19 қару тәркіленіп, заңсыз айналымнан тіркелмеген 4 атыс қаруы алынды. Қоғамдық орындарда есірткі заттарын заңсыз жарнамалайтын 38 граффити жазуы жойылды. Ал кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген түнгі рейдтер кезінде құқықбұзушылықтарға қатысы бар 170-ке жуық жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді, - деді Рауан Әлдешов. 

Еске салайық, Жаңақорған ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневр жасаған кортеж қатысушылары анықталды.