Қызылордада газ тұтынушылардың құқығы бұзылған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне Арал ауданының тұрғындарынан «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалына қатысты ұжымдық өтініш түсті.

Фото: «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы

Өтініште көрсетілгендей, филиал тұтынушыларға есепке алу құралдарының тексерілетінін заңнамада белгіленген мерзімде хабарламаған.

- Нәтижесінде тауарлық газды тұтыну көлемі есептеу құралдарының нақты көрсеткіші бойынша емес, белгіленген норматив негізінде есептелген. Сонымен қатар департамент Арал ауданының тауарлық газды бөлшек саудада өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 2025 жыл және 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша талдау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша өндірістік филиал тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісі деп танылды. Жиналған материалдар негізінде Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері анықталды. Осыған байланысты Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабының 1-тармағына сәйкес хабарлама шығарылып, ол толық көлемде орындалды, - делінген департамент таратқан хабарламада.

Филиал тұтынушылар үшін пайдаланылған газдың құнын қайта есептеді. Нәтижесінде тұрғындардың бұзылған құқығы қалпына келді.

Бұған дейін біз Шымкентте тұтынушылардың газға қарызы 900 млн теңгеден асқанын жаздық.