Қызылордада кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі бойынша бірнеше күдікті қамауға алынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада жаттықтырушының кәмелетке толмаған қызды екі жыл бойы зорлап келгені туралы ақпарат тарады.

Фото: Polisia.kz.

Ер адам мұндай әрекетін қарамағындағыларды жарысқа апарған кезде жасаған. Онысымен қоймай интим видео түсіріп, шағымданған жағдайда мұны ата-анасына көрсететінін айтып қорқытқан көрінеді. Жәбірленуші бапкері өзін достарына ақшаға сатқанын да жеткізген. 
Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

— Қылмыстық іс бойынша екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Бұдан бөлек, екінші тарапқа қатысты адам ұрлау дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс бойынша үш күдікті қамауға алынса, екі күдіктіге қатысты соттың шешімімен үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылды, — делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары істің мән-жайын анықтауға кірісті. Департамент басшылығы қылмыстық істердің тергелу барысын ерекше бақылауына алды.

Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.

Бұдан бұрын Алматыда кәмелетке толмаған қызға қатысты жасөспірімдер тобының заңға қайшы әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғалды.