Жедел іздестіру барысында топ мүшелерінің кәсіпкерлер мен азаматтардан «күш қолданамын» деп қорқыту арқылы ақша бопсалап, түзеу мекемелеріндегі сотталғандарға арналған «ортақ қорға» қаржы жинаумен айналысқаны анықталды.
- Тергеу барысында қылмыстық әрекеттердің бірнеше эпизоды дәлелденіп, санкцияланған тінту жүргізілді. Нәтижесінде травматикалық және пневматикалық қарулар, оқ-дәрілер, ақша қаражаты және өзге де айғақ заттар тәркіленді. Сонымен қатар жәбірленушілер мен куәлардан жауап алынып, банк аударымдары мен цифрлық дәлелдемелер зерттеліп, қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері толық расталды. Аталған деректер бойынша қорқытып алу, заңсыз қару сақтау, бұзақылық және ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен оған қатысу фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық топтың 8 мүшесі күдікті ретінде танылып, сот санкциясымен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - делінген полиция хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен белсенді мүшелеріне 4 жылдан бастап 11 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұдан бұрын Қызылорда облысында «Торғай Петролеум» АҚ-ның 416,6 млн теңгесін аса ірі мөлшерде жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.