Қызылордада мұнай компаниясынан 416,6 млн теңге жымқырылған: сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында «Торғай Петролеум» АҚ-ның 416,6 млн теңгесін аса ірі мөлшерде жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеу материалдарына сәйкес, компанияның бұрынғы лауазымды тұлғалары тауарлар мен қызметтер іс жүзінде жеткізілмесе де, бірнеше келісімшарт бойынша қаражатты жеке компаниялардың есепшоттарына аударған. 

Қызылордада мұнай компаниясынан 416,6 млн теңге жымқырылған: сот үкімі шықты
Фото: Kazinform\ЖИ

Сот материалдарына сәйкес, «Б» есімді азамат 2018 жылдан бастап «Торғай Петролеум» АҚ-ның механикалық бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2019 жылдың қазан айында ол компанияға тауар, жұмыс пен қызметтерді сатып алу кезінде қаражатты жымқыру туралы ойға келген.

Тергеу мәліметтері бойынша, «Б» қоғамның басқа да лауазымды тұлғаларымен және «MANSUR-INVEST group» ЖШС мен «KazPromStroy LTD» ЖШС басшысы С. Ш.-мен алдын ала сөз байласқан. 2019–2020 жылдары компанияның өз қызметкерлері орындаған жұмыстарды және кәсіпорын балансында бұрыннан бар тауарлық-материалдық құндылықтарды аталған жеке компаниялардан сатып алу қажеттілігі туралы қызметтік хаттар рәсімдеген.

— Нәтижесінде іс жүзінде жеткізілмеген тауар, орындалмаған жұмыс сондай-ақ көрсетілмеген қызмет үшін жасалған алты келісімшарт бойынша «MANSUR-INVEST group» және «KazPromStroy LTD» ЖШС есепшоттарына жалпы 416 млн 696 мың 896 теңге аударылған, — делінген хабарламада.

Кейін бұл қаражат қолма-қол шешіліп алынып, қылмысқа қатысушылар арасында теңдей бөлінген. Сот материалдарында әрқайсысына 104 млн 174 мың 224 теңгеден тигені көрсетілген.

— Сот шешіміне сәйкес сот «Б» ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыру белгіленді, — деп хабарлады департаменттен.

2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, 5 жыл 7 ай 6 күн болып белгіленген. ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп танылды және барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.

Ал С. Ш ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігі және 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылған.Оған бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кейін рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 5 жыл 7 ай 6 күнге дейін қысқартылған. ҚК-нің 63-бабы негізінде жаза шартты деп белгіленіп, пробациялық бақылау қолданылды.

Сонымен қатар С. Ш. материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтермен өмір бойы айналыса алмайды. Осылайша, сот аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқыру фактісі бойынша айыпталушыларға тиісті жаза тағайындады.

Бұған дейін Павлодарда асхана кассирі 7 млн теңгеден астам соманы заңсыз иемденгенін жаздық.