Қызылордада қызылша жұқтырғандардың 75-80%-ы екпе алмаған

Фото: freepik.com

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз деп бағаланып отыр.

Өткен жылдың қыркүйегі мен биылғы наурыз айы аралығында өңірде бірде-бір вирусты инфекция тіркелмеген. Сәуір айынан бері тұрғындар арасында қызылша ауруы қайтадан белең алған. 

— 2025 жылдың 15 тамызына дейін 84 жағдай лабораториялық жолмен анықталды. Қызылша ауруына шалдыққан науқастардың 78,8%-ы — 1 мен 14 жас аралығында балалар. Бірақ науқастардың 75-80%-ы әртүрлі себептермен екпе алмаған, — деді облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова.

Аса қауіпті, инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша жылдың алғашқы жартысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде 68 нозология бойынша ауру тіркелген жоқ. 22 нозология бойынша сырқаттану деңгейі өткен жылдың жартысымен салыстырғанда төмен. 

— Вакцина қолданылатын жұқпалы ауруларға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында мақсатты топтағы балаларды профилактикалық екпемен қамту көрсеткіші 95-100% аралығында болуы тиіс. Біздің облыста жоспар асыра орындалды. Дегенмен, қала, аудандарда бұл көрсеткішке қол жеткізбегендер бар, — деді Әлия Әбдіқайымова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы қаласында 2025 жылдың 7 айында қызылшаның 263 жағдайы тіркелген.