ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында көктайғақ болуына байланысты 6 желтоқсанда 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқытылады.
Соңғы тәулікте облыс орталығында қолайсыз ауа райы қалыптасып отыр.
- Осыған байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылды. Аталған мақсатта жалпы білім беретін білім беру ұйымдарындағы 0-4 сынып оқушылары 6 желтоқсанда қашықтан оқытылады. Қаладағы 58 мектеп пен жеке мектептердің бастауыш сыныптары сабақты қашықтан оқитын болады, -деп мәлім етті Қызылорда қалалық білім бөлімінен.
Айта кетсек, 5 желтоқсанда Қызылорда қаласының тұсында Шымкенттен Ақтөбе қаласына бағыт алып бара жатқан DAF маркалы автокөлігі аударылып қалды.
Сондай-ақ Қызылорда қаласында көктайғақ салдарынан бүгін 7 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.