Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қоймалардағы қатты отын көлемі 29,7 мың тоннаға жетті. Ал өңірдің қысқа арналған жалпы қажеттілігі — 107 мың тонна.
— Қысқы дайындық кезінде көмір қорын уақытылы толықтыру мен тұрғындарды қатты отынмен үздіксіз қамтамасыз ету маңызды. Әсіресе, көмірмен жылытылатын үйлер үшін оның жеткіліктілігі мен бағасы өзекті мәселе болып саналады. Жылу маусымында тұрғындарға 88 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна көмір қажет. Қазір өңірде көмір сататын 20 оператор жұмыс істейді. Оның 6-ы — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 14-і — жеке кәсіпкер, — делінген хабарламада.
Көмір маркасы мен жеткізу қашықтығына қарай тоннасы 22 мың мен 28,5 мың теңге аралығында сатылып жатыр.
Департамент тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз ету облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.
Бұған дейін жазғанымыздай, елімізде 2026 жылдың 9 айында теміржол көлігімен көмір тасымалдау көлемі 77,8 млн тонна болды.