Қызылорда қаласында қатты желдің салдарынан дария үстіндегі көпірден өтіп бара жатқан бұрандасы сынған жүк көлігінің тіркемесі бағытын өзгерткен. Салдарынан қарама-қарсы жолдағы келе жатқан екі жеңіл көлікке соғылды, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға, бүгін 14 желтоқсанда сағат 13:20 шамасында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында орналасқан Сырдария өзені көпірінің үстінде болды.
«Ауа райының өзгеруі және қатты жел салдарынан көпір үстінде өтіп бара жатқан «КаМАЗ» жүк көлігінің артқы тіркеме бұрандысы сынып кеткен. Салдарынан тіркеме бағытын өзгертіп, жолдың қарама қарсы бағытында келе жатқан «Toyota Camry» және «Mercedes-Benz» жеңіл көліктеріне соғылып, материалдық шығын келтірген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан адам шығыны болған жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жол бойында қалып қойған 100-ден астам көлік құтқарылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.