Қызылордада көші-қон заңнамасын бұзудың 100-ден астам дерегі тіркелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — 9-12 қыркүйек аралығында Қызылорда облысында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Мақсат — заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау.

Облыстық полиция департаменті іс-шара барысында 108 құқық бұзуды анықтады. 

— Шет ел азаматтары тарапынан 57 құқық бұзу тіркеліп, оның 19-ы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Шетелдіктердің ел аумағында болу қағидаларының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін Қазақстан Республикасының 51 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген департамент хабарламасында.

Тәртіп сақшылары шет мемлекеттерден жұмыс істеу мақсатында келген шетел азаматтарын Қазақстан Республикасының аумағында болудың заңнамада белгіленген мерзімдерін сақтап, қажет құжаттарын уақтылы заңдастыруға және көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеді.

Бұған дейін Алматыда бір топ шетелдік азамат депортацияланды.