Қызылордада құны 1,5 млн теңгеден астам контрафактілік өнім тәркіленді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 9 айда Қызылорда облысының әділет департаментіне зияткерлік меншік саласы бойынша 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Фото: norma.uz

Барлығы тауар таңбасының бұзылуына қатысты.

— Тексеру нәтижесінде анықталған құқықбұзушылықтар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабымен 4 әкімшілік іс қозғалды. Сот шешіміне сәйкес 4 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 441 мың теңгеден астам айыппұл салынды, — деді департамент басшысы Баукен Әлмеш.

Заңсыз айналымнан барлығы 1,5 млн теңгеден астам соманың контрафактілік өнімдері тәркіленді. Осындай жұмыстың нәтижесінде «Apple», «Gorilla», «Greenlife», «Zelensky Rosen» секілді тауар таңбалары иелерінің құқығы қорғалды. 

Айта кетейік, Шымкентте контрафактілік құрылыс қоспаларын шығаратын астыртын цехтың жұмысы тоқтатылды.