Қызылордада құрбандық етін таратуға еріктілер тартылады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Сыр өңірінің мешіттері Құрбан айт мерекесіне дайындықты бастап кетті. Мал сою орындарын дайындау, қасапшылар мен құрбан шалу рәсімін жүзеге асыратын мамандарды оқыту, еріктілер тобын жасақтау, түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастыру науқаны қызды.

Фото: Polisia.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі мейрам күндері мүмкіндікке қарай қайырымдылық шараларын, дін мен дәстүр сабақтасқан рухани-мәдени шаралар, ұлттық ойындар сайысын өткізіп, балаларға айт сыйын таратпақ. 

- Құрбандық шалу рәсімі санитарлық талапқа сай ұйымдастырылып, арнайы белгіленген орындарда шариғи тәртіппен өтеді. Сондай-ақ https://qurban.muftyat.kz/ онлайн платформасы арқылы құрбандық шалуға мүмкіндік қарастырылған. Мал етін мешіт еріктілері мұқтаж отбасыларға жеткізеді. Құрбан шалу рәсімін өз үйінде өткізіп, еттің бір бөлігін мұқтаждарға тарату мақсатында мешіттерге әкелем деуші жандарға облыс бойынша арнайы ет қабылдау пунктері бекітілді, - делінген өкілдік таратқан хабарламада. 

Құрбандық шалу орындары Сырдариядан басқа аудандарда және Қызылорда қаласында белгіленген.

Діни мейрам кезінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың, жаппай тамақтан улану жағдайлары мен жіті ішек инфекцияларының таралу қаупі жоғары. Сондықтан мамандар мал сою және ет сату дүкендерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ескертті. 

- Ол үшін мұндай орындардың тиісті ветеринарлық құжаттары болуы, мал сою кезінде жиналған қалдық уақытылы шығарылуы, қасапшылар арнайы киіммен, жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілуі керек. Ет сақтауға арналған тоңазытқыштар қарастырылады, - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев. 

Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес һижри жыл санауы бойынша 1447 жылдың зұлхижжа айы 18 мамырда басталады. Арапа күні 26 мамырға сәйкес келеді. Ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Айт намазы осы күні таңғы сағат 6-да басталады.

Құрбан шалу құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 

Бұған дейін біз Құрбан айт күндері Алматыда құрбан шалатын 12 арнайы орын болатынын хабарлағанбыз.