Қызылордада күйіктің кесірінен қолы бүгілген балаға ота жасалды

ҚЫЗЫЛОРДА.KAZINFORM — Қызылорда облыстық балалар ауруханасында күйіктен кейін қолының қозғалысы шектелген 5 жастағы балаға күрделі реконструктивті операция жасалды.

Фото: Қызылорда облыстық балалар ауруханасы

Дәрігерлер бірнеше жыл бойы қалыптасқан тыртықты жойып, қолдың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге мүмкіндік жасады.

— Баланы екі жасында күйік шалған. Сол кезде стационарлық ем қабылдап, оған операция жасалған. Алайда уақыт өте келе баланың өсуіне байланысты оң қолының басы мен білезік тұсында күйіктен кейінгі тыртықтық контрактуралар пайда болған.Осыған байланысты науқас жоспарлы түрде облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия және травматология бөлімшесіне жатқызылды, — делінген аурухана хабарламасында.

Мамандар жалпы жансыздандыру арқылы оң білезік буыны мен қол басындағы келлоидты тыртықтарды кесіп алып, қалыптасқан контрактураларды жойды. Сонымен қатар терілік пластика және металлоостеосинтез оталарын жүргізді.

— Отаның негізгі мақсаты — қолдың анатомиялық қалпын жақсартып, білезік буыны мен саусақтардың қозғалыс қызметін қалпына келтіру. Мұндай күрделі оталар баланың күнделікті өмірде қолын еркін пайдалануына мүмкіндік беріп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған, — делінген хабарламада.

Бұған дейін қазақстандық дәрігерлер 98 жастағы пациенттің жүрегіне күрделі операцияны сәтті жасады.