Қызылордада оқушыны секс құлдыққа салған күдіктілердің бесеуі — жасөспірім

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі қызылордалық оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты атышулы істі тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті деп танылған 11 адамның бесеуі кәмелет жасына толмаған.

Фото: Рixabay

Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Бұған қосымша кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту; жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық; бопсалау; есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын қолдануға көндіру; азаптау; кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша қосымша істер қаралуда.

«Қылмыстық істердің 9 қатысушысы қамауда отыр, ал екеуіне „үйқамаққа алу“ бұлтартпау шарасы таңдалды, оның ішінде кәмелетке толмағандар саны — 5. Сонымен қатар, істің мән-жайы бойынша жәбірленушіден жауап алынды. Сот тыңдауы және ашық сот талқылауы мәселесі соттың құзыретінде», — деп жазылған министрлік жауабында.

Еске салсақ, биыл тамыз айында Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптасын секс-құлдықта ұстады деген күдікке ілінді.

Бір топ жасөспірім 16 жасар қызды қинап ұстағаны, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Оқушы қыздың ата-анасы бұл жағдайды қоғамдық қорға хабарлаған.

Қызылорда полициясы аталған дерек бойынша күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Кейін күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.

Оқиғаға байланысты № 7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологы, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылды.

Тамыз айының соңында Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген 8 күдікті қамалғаны хабарланған еді.

Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев та пікір білдірген