Қызылордада өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға 11,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Көктем мезгілі басталғалы Қызылорда облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 26 өрт оқиғасы тіркелді.

Фото: Pyxabay.com

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалпы ауданы 1296 гектар жерді қызыл жалын шарпыған.

— Облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі — 7,3 млн гектар. Оның 3,9 млн гектары — орманды алқап. Өрттің негізгі бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы орман алқабында болған, — деді департамент бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Талдау нәтижесі көрсеткендей, тілсіз жаудың жартысына жуығы электр желілерінің тозуы мен ақаулы электр құралдарын пайдаланудан шыққан.

— Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Жыл басынан бері 596 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 11,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды, — деді департамент өкілі.

2026 жылғы 1 тамызда еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 7 орман өрті тіркелді.