Қызылордада республика деңгейіндегі күрделі оталар жасалып жүр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысындағы стационарларда күн сайын ересектерге 70, балаларға 30 түрлі ота жасалады.

Фото: Көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның 3-4-і — республика деңгейінде жүргізілетін күрделі оталар.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Биыл 6 айда 56 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Отаның 4 жаңа түрі қолданысқа енді. Олар — асқазан-бауыраралық жыланкөздің клипациясы, мениск түбірінің тігісі, балаларда лапороскопиялық пиелопластика, нейрохирургияда вагусты нейростимуляция. 84 науқасқа аритмологиялық ота жасалды. Бұдан бөлек жамбас буынына 77, тізе буынына 151 эндопротездеу отасы сәтті орындалды, — деді басқарма басшысы Алмас Әбілпатта.

Өңірде заман талабына сай медициналық технологияларды кеңінен қолдану арқылы жыл сайын 800-ге жуық онкологиялық жоғары мамандандырылған емдік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтап, тиімді ем жүргізуге және науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Ал елімізде заманауи орталықтардың ашылып, жаңа технологиялардың енгізілуі нәтижесінде бұрын шетелде ем алуға мәжбүр болған науқастардың 80 пайызы қазір Қазақстанда емделеді.