Қызылордада сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастардың дәрі-дәрмегіне 2,5 есе көп қаржы бөлінді

Фото: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының медицина ұйымдарына биыл «СК-Фармация» ЖШС 9,5 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізіп берді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, өткен 11 айда 163 мың пациентке 646 мың рецепт жазылып, олар өзіне қажетті тегін алды.

— Дәрілік заттардың 93,5%-ы немесе 8,95 млрд теңге игерілді. Медициналық ұйымдардағы қалдық қорының көлемі 208 млн теңге. Сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастардың еміне жергілікті бюджеттен 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп қаржы бөлінді. 2025 жылы осылайша 776 млн теңгеге өсті, — деді басқарманың бөлім басшысы Талғат Нұртазаұлы.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті медицина ұйымдары 5,6 млн қорап дәрілік препараттарды қабылдады. Ал 3,9 млн қорап айналымнан алынды, бұл — жалпы көрсеткіштің 70,4%-ы.

Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық фармакология қызметін жетілдіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасындағы басым бағыттардың бірі — госпитальдық фармация бөлімдерін ашу.

— Облыс көлемінде қазіргі таңда 13 госпитальдық фармация бөлімі ашылып, жұмыс жасап тұр. Жол картасына сәйкес 2026 жылдың соңына дейін қосымша 5 медициналық ұйымда осындай бөлімдер ашылуы тиіс, — деді Талғат Нұртазаұлы.

Айта кетейік, «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисі енгізілген сәттен бастап елімізде азаматтарға ыңғайлы цифрлық форматта дәрі-дәрмек беру бойынша 13 млн-нан астам қызмет көрсетілді.