Қызылордада су қысымы неге төмендеп кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалықтар күн жылынысымен ауызсудың екпіні бәсеңдейтінін айтып жиі шағымданады.

Фото: Оксана Матасова / Kazinform

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жылда қайталанатын мәселенің себебін жаз мезгілінде ауызсуға сұраныстың айтарлықтай артуымен байланыстырып отыр.

— Кейбір тұрғындар орталықтандырылған ауызсу жүйесіндегі суды бау-бақша, көгал, ағаш суару және өзге де шаруашылық мақсаттарға пайдаланады. Салдарынан су тұтыну көлемі күрт өсіп, әсіресе, кешкі уақытта және желінің соңғы нүктелерінде су қысымының төмендеуі байқалады. Ауызсу жүйелері, ең алдымен, халықты тұрмыстық және ауызсу қажеттілігімен қамтамасыз етуге арналған. Осыған байланысты тұрғындарды суды ұқыпты әрі мақсатты пайдалануға, бау-бақшаны мүмкіндігінше техникалық сумен суаруға шақырамыз, — делінген басқарма жауабында.

Жауапты мекемелер суды орнымен пайдалану мәселесін бақылауға алып, халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.

— Күнделікті түнгі сағат 12:00 мен таңғы сағат 7:00 аралығында ғана бау-бақшаға су беруге болатынын ескертеміз. Рейдтік шаралар барысында ескертуді елемегендерге шара қолданылады, — делінген «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің хабарламасында.

Еске салайық, Қызылорда облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес 2026 жылғы 1 сәуірден бастап аймақ халқы үшін ауызсу қызметінің тарифі өзгерді.