Қызылордада тауар бағасын дұрыс рәсімдемеген 42 сауда орнына айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл 6 айда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және сауда заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысындағы 98 кәсіпкерлік субъектісіне бақылау жүргізілді.

Фото: freepik

 Сауда және интеграция министрлігінің Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті тексеру барысында бірқатар кемшілікті анықтады.

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін заңнамада белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін сақтамаған кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек сауда объектілерінде тауар бағасын заңнама талабына сәйкес рәсімдемеу фактілері тіркелді. Ол бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-тармағына сәйкес 42 кәсіпкерлік субъектісіне 544 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оны орындау туралы міндетті нұсқамалар берілді, — деді департамент басшысының орынбасары Әділхан Төлегенов.

Фото: Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметі

Жылдың алғашқы жартысында Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі 101,3% болды. Бұл республикалық көрсеткіштен (101,9%) 0,6% төмен.

Ал жуырда Қызылордада санитариялық талапқа сай келмейтін өнімдер саудадан алынатынын жаздық.