Қызылордада тәуекел тобындағы 148 балаға ментор тағайындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бұл туралы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық басқарма мәлімдеді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Менторлар «FSM Social» ақпараттық жүйесінде тіркелген тәуекел тобындағы балаларға кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия шешімімен, ал мектепішілік есепте тұрған балаларға білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен тағайындалады. Балаларға қатысты барлық жұмыс құпиялылық қағидатына сәйкес жүргізіледі.

— Менторлық жай ғана бақылау немесе есеп жүргізу емес. Әрбір ментор баланың психологиялық жай-күйіне назар аударып, отбасымен және білім беру ұйымымен бірлесіп жұмыс атқарады. Уақытында көрсетілген қолдау баланың өмірге сенімін нығайтып, болашағына оң әсер етеді, — деді басқарма басшысы Ерлан Бәкіров.

Басқарма басшысының айтуынша, 111 нөмірлі сенім телефонына және басқарманың call орталығына облыс тұрғындары тарапынан түрлі қоңырау түседі. Олар, мысалы, қиын жағдайда қалған балаларға көмек көрсету, ата-аналар тарапынан жеке мәселелер мен консультативтік көмек алу тәртібін қамтиды.

— Менторлық жұмыс тек кеңес берумен шектелмейді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оларды жазғы сауықтыру лагерьлеріне, спорттық, шығармашылық және әлеуметтік жобаларға тартуға ерекше назар аударылады, — деді Ерлан Бәкіров.

Айта кетейік, 2024 жылдан бері жүргізілген жұмыс нәтижесінде әр өңірлік әкімдіктер құрылымында балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының құрылуы — балаларды қорғау саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі.