Қызылордада той кортежінде жол ережесін бұзғандардың кім екені белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарсы бағытқа шығып, авариялық жағдай туғызған және жол бойында пиротехникалық құралдар пайдаланған той кортежінің қатысушылары анықталды.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұған дейін хабарлағанымыздай, құқықбұзушылық 23 тамызға қараған түні Жаңақорған ауданында болған. 

- Барлық қатысушы анықталып, полицияға жеткізілді. Олар — 21 мен 35 жас аралығындағы Жаңақорған ауданының, Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары. Жауапкершілікке тартылғандардың арасында 13 жүргізуші және 2 жолаушы бар. Барлығы заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады облыстық полиция департаменті. 

Құқық бұзушыларға қатысты 56 әкімшілік іс қозғалды. Олар қарсы бағытқа шығу, авариялық жағдай туғызу, қауіпті маневр жасау, көлік құралын жүргізу құқығынсыз және техникалық ақауы бар автокөлікті басқару, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ елді мекен аумағында пиротехникалық құралдарды заңсыз пайдалану деректері бойынша жауапкершілікке тартылды.

- Сот шешімімен 3 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Қатысушылардың біріне 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қалғандарына әкімшілік айыппұл салынды. 5 автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық қатысушыға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілді, - делінген хабарламада. 

Тәртіп сақшылары той кортеждерінің жолда ешқандай артықшылығы жоқ екенін, заң талаптарын өрескел әрі демонстративті түрде бұзған әрбір адам заңда көзделген жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Құқықбұзушылық әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықталған еді.