Қызылорда облысында той кортежінде жол ережесін өрескел бұзғандар жазаланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген қызылордалық тәртіп сақшылары Жаңақорған ауданындағы орталық көшелердің бірінде көптеген көліктің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтады.
Бейнежазбадан көрінгендей, 23 тамызға қараған түні той кортежі құрамындағы автокөлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзған.
- Тәртіп сақшылары 7 жүргізушіні полиция бөліміне жеткізіп, оларға қатысты әкімшілік шара қабылдады. Атап айтқанда, 2 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі, яғни көлік құралдарын пайдалану кезінде белгіленген талаптарды бұзу, 2 азаматқа 606-баптың 1-бөлігі — жол жүрісіне қатысушының жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы, соның ішінде жол қауіпсіздігіне қатысты талаптарды бұзу, 1 азаматқа 612-баптың 2-бөлігі немесе көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы немесе тиісті құжаттарға қатысты талаптарды бұзу, 2 азаматқа 596-баптың 3-бөлігі, яғни жол жүрісі қағидаларында белгіленген маневр жасау/жолақ бойынша қозғалу талаптарын бұзу жағдайлары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық жүргізушіге қосымша ресми ескерту берілді, - делінген хабарламада.
Облыстық Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Еске салайық, бұдан бұрын Ақтөбе облысында үйлену тойына арналған автокөліктер кортежінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды.