Қызылордада түнгі клубта адамды есеңгірететін азот оксиді сатылған

Фото: Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында полицейлер түнгі клубта адамды есеңгірететін азот оксидін сату дерегін анықтады.

Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында түңгі клубта азот оксиді құйылған шарлар ашық сатылып жатқан туралы ақпарат тараған еді.

- Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері түнгі клубқа рейд жүргізді. Нәтижесінде ол жерден 2 дана 10 литрлік газ баллоны анықталды. Оған қоса полиэтилен пакетіне салынған шариктер, «кальян» аппараты заттай дәлел ретінде алынды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексі 310-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті басталды. Онда дәрiлiк немесе басқа да құралдарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау жағдайы көрсетілген, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Ведомство мәліметінше, полицейлер қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты қадағалау бағытында нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Демалыс күндері қалада күшейтілген режимде әрбір ойын-сауық орталығына тексеру жүргізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында негізсіз алынған 150 млн теңге субсидия қайтарылды.