Қызылордада ҰОС ардагері сайлау учаскесіне барды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 104 жастағы Яхия Тасыров мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, ғасыр жасаған қария ел болашағына бейжай қарамай, маңызды саяси науқанға қатысып, азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. 

- Бүгінде ол облыстағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде үлкен құрметке ие. «Қарты бар ел қазыналы ел» десек, бейбіт күннің қадірін терең түсінетін ардагердің ақ батасы мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды, - делінген хабарламада.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Қарт майдангер мәслихат депутаттарын сайлау жергілікті қоғамның дамуы үшін маңызды екенін атап өтіп, әр азаматтың өз таңдауын жасап, дауыс беруі азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді.

– Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Мәслихат депутаттары халықтың талап-тілегін жеткізіп, елді мекендердің дамуына үлес қосады деп сенемін. Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді Яхия Тасыров.

Ардагердің бұл игі ісі жастарға үлгі болып, ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді қатысудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап отыр.

Ал бұған дейін Жаңақорған ауданында ғасыр жасаған әже дауыс берді.