ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Астана қаласының тұрғыны М.Талғатова мен қызылордалық Т.Бурикулова есімді азаматша сотталды.
Жазаға тартылған екі сотталушы 2023 жылдың маусымы мен 2024 жылдың тамыз айы аралығында қылмыстық әрекетке барып, мол табысқа кенелген.
— Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ойын бизнесін Instagram әлеуметтік желісіндегі парақша арқылы лицензиясыз жүзеге асырған. Нәтижесінде 27 473 328 теңге аса iрi мөлшерде табыс тапқан. Сот үкімімен М.Талғатова мен Т.Бурикулова ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабының 3-бөлігінің 2) тармағының талабына сәйкес кінәлі деп танылды. Олар 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде сотталды, — деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жалған сенімхат арқылы мекеме қаражатын жымқырған Б.Расилов есімді азаматтың жолын кесті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.