Қызылорда тұрғыны жалған сенімхат арқылы мекеме қаражатын жымқырған

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Б.Расилов есімді азаматтың жолын кесті.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ол 2018 жылы таратылған «Сырдария аудандық туберкулезге қарсы диспансері» МКК-ның есеп-шотындағы 8 200 000 теңге көлеміндегі қаржыны алдау жолымен жымқырған.

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол 2023 жылдың қыркүйек айында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Астана қаласындағы филиалының автокассаларынан ақшалай қаражатты алып алғаны анықталды. Онда МКК басшыларының атынан жалған сенімхат арқылы «әрекетсіздік мәртебесін есептен алу туралы» және «пайдаланушыны «Online bank» жүйесіне қосу туралы» жалған сенімхаты арқылы банктік құжаттар ұсынылған. Салдарынан мемлекетке 8 200 000 теңге көлемінде ірі залал келтірілді. Күдіктіге қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында материалды жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 4 жыл мерзімге айырылды. Тергеп тексеру барысында мемлекетке келтірілген залал толық өндірілді, — деп мәлім етті ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 20 млн теңгеге бағаланған есірткіні тасымалдаған адам ұсталды.

Соңғы жаңалықтар