Қос басқарма жаңадан құрылып, басшылары тағайындалды. Атап айтқанда, облыстық туризм басқармасының басшылық тізгінін Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы қолға алды.
Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құқықтану және қаржы мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің іскерлік әкімшілік докторы.
Әр жылдары Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде, Премьер-министр кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған.
2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық дін істері басқармасының басшысы болған.
2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы да бүгін жұмысын бастап, басшысы лауазымына Бәкіров Ерлан Әмірханұлы тағайындалды.
Ол 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінде заңтану, «Болашақ» университетінде экономика және құрылыс мамандықтары бойынша білім алған.
Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты кадр жұмысы бөлімінің басшысы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары болған.
2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Бұған дейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Кенесары Бағбанұлы таныстырылды.