Оның айтуынша, қайғылы жәйт 21 қазан күні болған.
- Бұл оқиға біздің отбасымызды орны толмас қасіретке душар етті. Менің інімді өз анасының көз алдында жүрек тұсынан пышақтап, өмірін қиды. Інім ауруханаға жетпей, сол жерде көз жұмды. Өз баласының анасының көз алдында осындай жағдайға тап болуы – ешбір сөзбен айтып жеткізе алмайтын ауыр қасірет, - деді ол.
Қылмыстың болғанын облыстық полиция департаменті растады.
- Кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді, - делінген ресми хабарламада.
Департамент басшылығы тергеу барысын ерекше бақылауға алды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат құпия сақталады.
Марқұмның туыстары істің барлық мән-жайы толық зерттеліп, оған қатысы бар әрбір адамның әрекетіне заң аясында әділ баға берілуін талап етті.
- Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарынан, прокуратурадан және тиісті мемлекеттік органдардан осы істі ерекше бақылауға алып, әділ әрі жан-жақты тергеу жүргізуді сұраймыз. Іске қатысы бар барлық адамның кінәсі анықталып, ешкім жауапкершіліктен тыс қалмасын, - деп жазды жәбірленуші тарап.
Еске салайық, жуырда алматылық әйел ұлына бір топ жасөспірімнің әлімжеттік көрсеткеніне шағымданды.