Бүгінде өңірде 70 бригада жұмыс істейді. Станцияның аға дәрігері Ләззат Медетованың айтуынша, шақыртулар барлық жеделдік санаты бойынша қабылданады.
– Күніне түсетін 2 мыңнан астам өтініштің шамамен 600-і балаларға қатысты. Бригадалар тәулігіне орта есеппен 1700-ге жуық шақыртуға шығады. Соның шамамен 400 жағдайында пациенттер медициналық тексеруден кейін стационарға жатқызылады. Қызметке түсетін жүктеменің ең жоғары кезеңі – күннің екінші жартысы, – деді ол.
Егер бұған дейін станция 1, 2, 3-санаттағы шақыртуларға қызмет көрсетсе, қазіргі таңда оның жауапкершілік аймағына 4-санаттағы шақыртулар да енгізілді. Бұл қатарға өмірге тікелей қауіп төндірмейтін, алайда медициналық араласуды қажет ететін жіті аурулар мен созылмалы аурулардың асқынуы жатады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханованың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде медициналық көмектің бірыңғай базалық пакеті кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызметтерді ажыратуды көздейді.
– Шұғыл медициналық көмек азаматтарға МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесіне қарамастан қолжетімді болып қала береді. Бұл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда қажетті медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Медициналық көмек уақтылы әрі әрбір тұрғын үшін қолжетімді болуы тиіс, – деп атап өтті қор өкілі.
Жедел медициналық жәрдем қызметін қаржыландыру Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. 2026 жылға арналған сатып алу жоспарында Қызылорда облысында ТМККК аясында жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуге 6 млрд 814 млн теңге қарастырылған.
Еске салайық, шілдеде Алматыда аптап ыстықтың салдарынан жедел жәрдемді шақырту көбейгенін жаздық. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен.