Қызылордада жол құрылысына қатысты екі техникалық қадағалаушы лицензиясынан айырылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жол құрылысына немқұрайлы қараған екі техникалық қадағалаушы лицензиясынан айырылды.
Биыл Қызылорда облысында жол саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жол инфрақұрылымын жақсартуға көлемді қаржы бойынша ауыл-аймақтың біраз көшелеріне асфальт түсті. Өңірдегі елдімекендерде 69 жоба қолдау тауып, 99 көше жөндеуден өткен.
Мемлекет қаржысына салынған жолдардың сапасы талапқа сай болуы жол құрылысына жауапты техникалық қадағалаушының басты міндеті. Дегенмен кейбір мамандар өз ісіне салғырт қарап, асфальт төсеу жұмыстарына тиісті бақылау жүргізбейді.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары биыл аудандық жолдарға тексеру жүргізіп, зертханалық зерделеу барысында 171 кемшілікті анықтаған. Филиал өрескел кемшіліктерге жол берген 12 нысан бойынша мердігер мен техникалық қадағалаушыға шара көру туралы құзырлы мекемеге ұсыныс берді.
— Жасыратыны жоқ, жол құрылысы кезінде жоба бойынша бекітілген кейбір техникалық қадағалаушылар мүлдем бақылау жүргізбей, тіпті басы-қасында болмайды. Жыл басынан бері құзырлы мекемеге 12 ұсыныс бердік. Соның 5-уі әлі қаралып жатыр. Ал үш сын-ескертпеміз ескерілді. Өз ісіне жауапсыздық танытқан екі техникалық қадағалаушыға 180 АЕК айыппұлдан салынып, 6 айға лицензиясынан айырылды. Сондай-ақ, мердігер компания да 738 400 теңге көлемінде айыппұл төлеп, жергілікті бюджетке өндірілді, — дейді филиалдың бөлім басшысы Ержан Усманов.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында алауыздық тудыратын жазба таратқан тұрғын сотталды.