Қызылордада жол сапасын тексеру цифрлық жүйеге көшті
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Қызылорда облыстық филиалының мамандары бүгін облыс орталығында жаңадан салынып жатқан жол құрылысының сапасын тексерді. Ол үшін жылжымалы зертхананы пайдаланды.
Филиалдың баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл өңірде жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға 42 млрд теңге бөлінген. Соның есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – қаладағы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін ұзарту. Осы орайда Сырдария өзенінің бойымен 2,8 шақырым жаңа жол салынып, дария бөгеті нығайтылып жатыр.
– Жұмыс мамыр айында басталды. Содан бері жолдың негізгі қабаты салынды. «УАД» компаниясы қазір бірқатар учаскеге асфальт төсеуді бастап кетті. Біздің мамандар құрылыс материалдарынан 5 рет сынама алды. Жолдың сапасы ұдайы бақылауда. Зертханалық тексеру барысында өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Дегенмен, бірқатар сын-ескертпе берілді. Мердігер оны уақытылы әрі талапқа сай түзетті, - деді филиал директоры Мақсат Мұқанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 126 нысанда 607 рет зертханалық және аспаптық тексеру жүргізілген. Барлығы 1714 сынама алынып, тиісті сараптама жасалды.
Осы күні Қызылорда-Жезқазған республикалық автожолының қала аумағынан өтетін 2-12 шақырым аралығы да орташа дәрежелі жөндеу сатысында. Жұмысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қаржыландырған. Автожол қаланың Қарауылтөбе, Досан, Абай елді мекендері мен Бәйтерек шағын ауданы тұрғындарының көлік қатынасына оң септігін тигізеді. Ұлттық сапа орталығының жылжымалы зертханасы арқылы жаңадан төселген асфальт жабындысынан сынама алынды. Мамандар бұған дейін де жол сапасын 40 мәрте тексеріп, барлығы 122 сынама зертханалық тексеруден өткен.
- Орташа жөндеуден өтетін автожолдың ұзындығы — 9,5 шақырым, ені – 14 метр. Жер төсемесі кеңейтіліп, 7,3 шақырымында жолдың негіздемесі 20 сантиметр қалыңдықта ресайклерлеу әдісімен жасалды. Содан кейін 6 шақырым ұзындықта 8 сантиметр ірі түйіршікті асфальт, жамылғының жоғарғы қабатына 5 сантиметр қиыршық тасты мастикалық асфальт төселе бастады. Бүгінде жоғарғы қабатындағы 1,6 шақырымы орындалды. Ол аралықта кезең кезеңімен көлік жүре бастайды, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Жол құрылысынан алынған барлық сынама орталықтың заманауи зертханасында сараптамадан өтеді. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы асфальт жабындысының тығыздығы, суға қанығу коэффициенті өлшеніп, оның құрамындағы қиыршық тас пен құмның да сапасы анықталады.
- Аймақ жолдарының сапасын арттырудағы ең басты талап — құрылыс материалдарын сараптамадан өткізетін зертхана заман талабына сай болуы керек. Ұлттық сапа орталығында қазір қағазбастылық жоқ. Жолдан алынған әрбір сынама арнайы планшет арқылы базаға тіркеледі. Асфальт жабындысы нөмірленіп, қандай сараптама жүргізілгені және оның нәтижесі платформада көрсетіледі. Бұл бағытта біз толық цифрлық жүйеге көштік. Зертханада соңғы үлгідегі 100-ден астам қондырғы бар. Бұрын бір сынамаға 10-15 күніміз кететін , қазір 3 күннің ішінде сапасын анықтап береміз. Мамандарымыз жыл сайын шет елдерде біліктілігін арттырып, озық тәжірибені өндірісте қолданып жүр, - деді зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.
Айта кетейік, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Қызылорда облыстық филиалының өкілдері жуырда ғана Қызылорда-Жезқазған жолының сапасын тексеріп, кемшіліктер анықтады.