Қызылордадағы 3 тарихи-мәдени нысан ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін

Фото: Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысындағы ежелгі Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениетінің ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу ұсынылды.

Бұл бағыттағы жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы аясында атқарып жатыр.

Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Аталған номинация бойынша үміткерлер тізімінде Орта Азиядан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің тарихи-мәдени мұра объектілері бар. 

Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

— Тарихи-мәдени орындардың ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енуі өңірдің туристік имиджін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ объектілердің халықаралық дәрежеде қорғалуы мен насихатталуын қамтамасыз ететін шаралар жүзеге асырылады. Осы бағыттағы мониторингтік топ 2023-2024 жылдары Қызылорда облысында болып, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарының, Жетіасар оазисі ескерткіштерінің дайындығымен, жай-күйімен танысты, — деді Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының бөлім меңгерушісі Ғалымжан Садықов.

Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Бүгінгі күні облыстық бюджет есебінен олардың қорғау аймағы белгіленіп, Сығанақ, Жанкент қалашықтары толығымен қоршалды. Ескерткіштердің тарихи кезеңдерін бейнелейтін стеллалар бой көтерді. 

Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

— Жыл сайын облыстық бюджет есебінен ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы арқылы зерттелді. Қалашықтарда ашылған маңызды нысандар консервацияланып, туристер үшін қалашықтардың ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды, — деді Ғалымжан Садықов.

Фото: Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Жыл басында біз Қызылорда облысы аумағында жатқан Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін екенін жазғанбыз.