Қызылордағы балабақшада балаларды жұлқылаған тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

ҚЫЗЫЛОРДА.KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларды бар күшімен жұлқылап, олармен дөрекі қарым-қатынас жасағаны айқын көрінетін бейнежазба тарады.

Фото: ҚР ІІМ

Бұл желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Облыстық полиция департаменті аталған жәйтке байланысты ресми түсінік берді. 

— Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оның ішінде полиция тәркіленген бейнематериалдарды зерттеу үстінде. Облыстық білім басқармасына тиісті ұсыныс енгізілді.  Ювеналды полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жалғастырады, — делінген хабарламада.

Жақында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ата-аналарға ақшалай сыйақы үшін баласын балабақшаға кезексіз орналастырып беруді уәде еткен заңсыз хабарландырулар қаптағанын жазған едік.