Қызылордалық балуан ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық балуан Самат Оспан Иорданияның астанасы Амман қаласында ардагер спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды.

Фото Самат Оспанның жеке архивінен

Әлемдік додаға 42 елдің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. 62 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз қарсыластарын жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.

- Алғашқы белдесуімде Венгрия спортшысынан басым түссем, кейін Ресей мен Беларусь өкілдерін жеңдім. Ақтық сында тағы бір ресейлік балуанмен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жеттім, - деді чемпион.

Самат Оспан Қазалы ауданындағы №17 Олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Дүбірлі додаға шәкірт тәрбиелей жүріп өзі дайындалған.

Еске салайық, 1-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында самбодан Әлем чемпионаты өтіп, Ахмет Ислам әлем чемпионы атанды.