Биыл Қызылорда облысында 189,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 80,9 мың гектар жерге күріш егілді. Егін жинау науқанына 4 мыңнан астам техника тартылды. Ал агропарк қатары 139 жаңа техникамен толықты.
— Нәтижесінде қызмет сапасы жетіліп, өнімділік артты. Сырбойылық диқандар күзгі жиын-терімге уақытылы кірісіп, толағай табысқа қол жеткізді. Күзгі жиын-терім кезінде 470 мың тоннаға жуық өнімді қамбаға құйып, күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ күріштен басқа 13 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Оның 5,6 мың тоннасы — майлы дақылдар, картоп, көкөніс, 380 мың тоннасы — бақша дақылдары, 358 мың тоннасы — мал азығы түріндегі дақылдар.
Айта кетейік, жуырда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын жетілдіруге республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.