Жоба ым-ишараны нақты уақыт режимінде танып, оны мәтін мен дыбыстық хабарламаға айналдыруға мүмкіндік береді. Оқушылар мұны алғаш рет Қызылорда қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №6 арнайы мектеп-интернатында сынақтан өткізді.
- Платформаны пайдалану үшін қарапайым веб-камера мен интернетке қосылу жеткілікті. Жүйе қазақтың ым тіліндегі ишараларды танып, оларды мәтіндік және дыбыстық форматқа түрлендіреді. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдардың айналасындағылармен қарым-қатынас жасауын жеңілдетуге бағытталған. Платформаны пайдаланушылар қосымша бағдарламалар орнатып әуре болмайды, - деді жоба авторлары.
Сынақ барысында мектеп-интернат тәрбиеленушілері платформаны қолданып көріп, әсерін бөлісті. Педагогтер жобаның тәжірибелік маңызын атап өтіп, жүйе танитын ым-ишаралар қорын кеңейтуді ұсынды. Олар бұл технология балалардың жазбаша сөйлеу дағдыларын дамыту үшін қосымша құрал бола алады деп есептейді.
– Оқушылардың мамандар мен ата-аналарға пайдалы көмекші бола алатын осындай платформа әзірлегені қуантады. Ым-ишара тіліндегі кейбір қимылдарды нақтылап, жетілдіру қажет. Алдағы уақытта платформада оқыту материалдары мен бейнесабақтардың көбірек болғанын қалаймыз, – деді ым-ишара тілінің маманы Зухра Қалжанова.
QOLDAU AI жобасын жетілдіру жұмысы физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаева мен Қызылорда қаласындағы NIS директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Рашитованың жетекшілігімен жалғасып жатыр. Жоба авторлары ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, платформаны пайдаланушылардың қажеттілігіне қарай жетілдіруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін алматылық екі оқушы банан қабығы арқылы қан тоқтататын ұнтақ жасап шығарды.