ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында полицейлер тұрғын үйден 6 миллион теңгені ұрлаған күдіктіні қолға түсірді.
Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны үйінде ұрлық болғаны жөнінде хабарлаған. Тексеру барысында үй иелері болмаған уақытта белгісіз адам жәбірленушінің үйінің жатын бөлмесіне терезені бұзу арқылы кіріп, 6 млн теңгенің ақшасын ұрлағаны анықталды.
- Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер Түркістан облысында қонақүйде жасырынып жатқан 34 жастағы күдіктіні қолға түстірді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұрланған ақша жәбірленушіге қайтарылды. Күдіктіге қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар сотталғанын жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.