Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидатыОразхан Айдаровтың айтуынша, оның салынуы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді.
— Қарт Қаратау мен Сырдың бойы — ықылым заманнан алғашқы адамдар тіршілік етіп, шаруашылығын дамытқан жер. Тау бөктеріндегі халық кен өндірумен, мал бағумен айналысса, дария бойын мекен еткен тұрғындар отырықшы егін, бау-бақша шаруашылығымен айналысқан. Сол дәуірлерден бері егістік жерді суландыру жұмысы Сыр елімен бірге жасасып, су мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес.Ғалымдар Сырдың бойынан Авеста дәуірінің, ғұндардың, түріктердің, қимақтар мен қыпшақтардың суландыру әдісінің белгілерін тапқан. Олардың дәлелі — Отырар, Сығанақ, Сауран қорғандарының төңірегіндегі суармалы егістік алқаптар. Кешегі тартылған Арал теңізінің табанынан да ирригациялық жүйелердің орындары, арық іздері табылды, — деді Оразхан Айдаров.
Ғалымның дерегінше, 1940 жылғы 16 сәуірде КСРО Халық комиссарлары кеңесі мен Бүкілодақтық коммунистік партияның Орталық комитеті Қазақ КСР-нің оңтүстік облыстарында ауыл шаруашылығын көтеру, әсіресе, дәнді дақылдар өсіруді жақсарту жөнінде қаулы қабылдаған.
— Осы қаулы бойынша Қызылорда қаласының жанынан тоған-плотина салу белгіленген еді. Бірақ қызу басталған құрылыс жұмыстары Ұлы Отан соғысына байланысты тоқтады. Сыр өңірін мекендеген Үйсін тайпасы «Тәңір тауы» деп, кейін қытайша «Тянь-Шан» атанған таудың басынан сағасын алатын Нарын, Қарадария секілді өзеннің Ферғана даласында қосылатын жерінен бастап Арал теңізіне құйғанға дейінгі арна Сырдария өзені деп аталады. Басқасын айтпағанда өзенді көне гректер «Яксарт», арабтар «Сейхун» десе, түрік тілінде «Сырдария» деп аталған. Осы тарихи мәліметтердің өзі — ерте дүниеден бері Сырдың бойы өркениеті дамыған мәдени орталық болғанының айғағы. Ұлы Жібек жолының солтүстік батыс тармағының бойындағы өркениетті қалалардың дамыған орталығы болғанын дәлелдейді. Сырдария ғасырлар бойы табиғаттың заңдылығымен, судың күшімен бір иінін жебір жеп, екінші иінін қайыр басып, өзен өз арнасын жиі өзгертіп тұрған. Біздің облыс аумағындағы Сырдарияның ескі арналары Ақсай, Нәнсай, Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария, Шіркейлі, тағы басқа қалған дариялар — тарих тұнған өзеннің ескі іздері. Сол жылдары плотина құрылысында істейтін жұмысшылар мен қызметкерлер саны күн сайын өсіп келе жатқанын және келешекте одан да көбею мүмкіндігін ескеріп, облатком 1947 жылы 29 тамызда арнайы қарар қабылдады. Республика Жоғарғы Кеңесіне «Қызылорда плотинастрой» қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесін салуды, оны «Тасбөгет» деп атауды ұсынды, — деді ол.
Ғалымның мәліметінше, 1946 жылы су тоспасының құрылыс жұмысына 1200 жапон соғыс тұтқынын тартуға рұқсат берілген. Олар қатарда болған бір жыл ішінде қам кесектен 10 барақ, монша, асхана және қойма салынған. Тұтқындар негізінен жер қазу жұмыстарын атқарған.
— Құрылысқа мемлекет тарапынан қомақты қаржы мен материал бөлінген. Нысанда 1200-1300 маман еңбек етіп, 120-дан астам автокөлік пен 95-тен астам жер қазатын техника пайдаланылған. Олардың қатарында 25 МАЗ жүк көлігі болған. 1956 жыл Тасбөгет су тоспасының құрылысын аяқтауда шешуші кезеңге айналды. Сол жылғы 23 маусымда плотинаның жаңа арнасына су жіберіле бастаған, — деді Оразхан Айдаров.
Бұл өзен суын тиімді пайдаланып, өңірдегі егістік алқаптарды суландыруға мүмкіндік берді. Тасбөгет су тоспасы ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етіп қана қоймай, құрылыс маңындағы елді мекеннің қалыптасуына да негіз болды. Оның тарихы дария бойындағы тіршілікпен, егіншілік мәдениетімен және өңірдің даму жолымен тығыз байланысты.
Бұған дейін біз Сыр бойындағы денсаулық сақтау ісінің қарашаңырағы — Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының тарихына үңілдік.