Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сыр бойындағы денсаулық сақтау ісінің қарашаңырағы — Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының тарихы тереңде жатыр.

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, аймақтың бас емдеу орталығына айналған мекеменің тарихы XIX ғасырдан бастау алады. Атап айтқанда, 1853 жылы Перовск бекінісінде ашылған кішігірім әскери лазареттен басталған. Лазаретте небәрі бір дәрігер мен оның көмекшісі ғана қызмет атқарып, тек әскери қызметшілерді емдеген. 

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

— Сол кезеңде Перовск уезінде 4-5 мыңға жуық адам тұрған. Кейін лазареттің көмегіне жергілікті тұрғындар да жүгіне бастайды. Осыған байланысты 1858 жылы әскери лазарет медициналық лазарет болып ауысып, жергілікті халыққа қызмет көрсету аясы кеңейді. Бұл өңірдегі батыстық үлгідегі заманауи медицинаның ең алғашқы қарлығашы еді. Уақыт өте келе медициналық көмек біртіндеп ұйымдасқан жүйеге айналды. 1906 жылы Перовскіде емдеу орны кеңейіп, учаскелік шипахана ашылса, 1907 жылдан бастап науқастарды стационарлық жағдайда емдеу жолға қойылды. Сол жылы мұнда 13 адам ем қабылдаса, 1908 жылы науқастар саны 57-ге жеткен. Сұраныстың артуына байланысты 1910 жылы емдеу орнының базасында қалалық аурухана ашылып, медициналық қызмет азаматтық денсаулық сақтау жүйесінің құрамына енді. Мекеме тарихындағы үлкен бетбұрыс 1925 жылы Қазақстанның астанасы Орынбордан Перовскіге көшіріліп, қала Қызылорда деп аталған кезде басталды. Астана мәртебесі медицинаның алға басуына жол ашты. Осы тұста, яғни 1925-1927 жылдары Қызылордада 220 төсектік өлкелік ұлттық клиникалық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Жаңа мекеме өңірдегі ғана емес, Орынбор мен Ташкент арасындағы аумақтың тұрғындарына да мамандандырылған көмек көрсете бастады. Ауруханаға дәрігерлер шақыртылып, қызмет ауқымы кеңейді, — делінген аурухана әкімшілігінің мәліметінде.

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

1938 жылы Қызылорда облысының құрылуына байланысты қалалық аурухана базасында облыстық аурухана жасақталды. Осы жылы медициналық мекеменің облыстық деңгейдегі тарихы басталды. Уақыт өте келе медициналық көмектің түрлі бағыттары бойынша арнайы бөлімшелер мен мекемелер ашылып, халыққа түрлі бағытта қызмет көрсетілетін болды. 1940 жылы өлкелік сүйек туберкулезі ауруханасы облыстық аурухананың құрамына бөлімше ретінде енді. Соғыс жылдары аурухана жұмысы ерекше маңызға ие болып, жұқпалы аурулармен күрес бағытындағы жұмыс күшейді. Нәтижесінде 1947 жылы аурухана жанынан 50 төсектік инфекциялық бөлімше ашылды. 1948 жылы облыстық туберкулез диспансері мен сүйек туберкулезі бөлімшесі бірігіп, 100 төсектік облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері құрылды. Дәл осы жылы облыстық тері-венерологиялық диспансері қайта ұйымдастырылды. 1949 жылы облыстық аурухананың емханасы жанынан онкологиялық кабинет ашылып, 1950 жылы 25 төсектік облыстық онкология диспансері жұмысын бастады.

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Аурухана тарихындағы ең маңызды кезең 1992 жылы басталды. «Қазақ-Болгар Құрылыс» тресі Қазақстан мен Болгария арасында келісімге сәйкес жаңа көпбейінді аурухана кешенінің құрылысын қолға алды. Оған дәлел ретіндегі көне суреттер, сарғайған архивтік құжаттар мен бағалы фотодеректер облыстық тарихи-өлкетану музейінің төрінен орын алған. 

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыр экономикалық дағдарысқа қарамастан алып құрылыс тоқтаған жоқ. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде жаңа нысанның 1998 жылғы салтанатты ашылуы өңір тарихында алтын әріппен жазылды. Мұражайға келушілерді ерекше қызықтыратын тағы бір жайт бар. Осы орталықты халық әлі күнге дейін жылылықпен «Болгарский» деп атайды. Өйткені заманауи медициналық кешен болгар сәулетшілерінің жобасымен және құрылысшыларының тікелей қатысуымен салынған, — деді музей қызметкері Әлібек Сералиев.

Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда ауруханасында
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Құрылыс жұмысы 2001 жылғы қарашада толық аяқталды. Осы тұста мекеменің мәртебесі мен атауы да уақыт талабына сай өзгеріп отырды.

Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

1999 жылы облыстық медицина орталығы аталса, 2019 жылғы ақпаннан бастап мекеме көпбейінді облыстық аурухана болып өзгерді. Шағын әскери лазареттен басталған медициналық қызмет бүгінде заманауи, жоғары технологиялық денсаулық сақтау жүйесіне айналды.

Бір дәрігерден басталған шежіре: Перовск лазареті қалай облыстық ауруханаға айналды?
Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Бұған дейін 70 жыл бұрын елдің солтүстігіндегі қазақ ауылдары қандай болғанын тарихи кадрларға сүйеніп көрсеткен едік.