Қызылорданың Тасбөгет кентінде көптеген отбасы тоз-тозы шыққан үйлерде тұрып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласына іргелес Тасбөгет кентінің Тасарық көшесінде сиқы кеткен көпқабатты үйлер көп. Соның біразы апатты жағдайда тұр. Бір топ тұрғын Kazinform тілшісіне жылдар бойы қорқынышпен өмір сүріп келе жатқанын жеткізді.
Гаухар Құрманбаева осы елді мекенде туып-өскен. Бүкіл өмірі Тасарық көшесіндегі 7, а үйде өтіп жатыр.
— Бұл — жетпісінші жылы салынған үйлер. 2012 жылы қыста газ баллоны жарылып, берекеміз кетті. 2022 жылы комиссия шешімімен апатты жағдайда деп танылды. Үй беретін шығар деген үмітіміз болғанмен еш сыбыс жоқ. Кезегіміз әжептәуір жылжып келе жатыр еді, бұл құзыретті тұрғын үй инспекциясынан Отбасы банкіне өткізіп, қиындатып жіберді, — деді кейіпкеріміз.
Осы және жақын маңдағы үйлердің қай-қайсысы да адам тұратын күйде емес. Шатырлары бұзылып, қабырғалары қақырап тұр.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, соның кесірінен төбеден жиі су кетеді, тіпті қауіпті кеміргіштер қаптап кеткен.
— Өзім 2-қабатта тұрамын. Жауын-шашын болғанда ваннадан сарылдап су ағады. Қысы-жазы масамен алысамыз. Өрмекші, тышқан, егеуқұйрықтар өріп жүр. Үйдің кіреберісі әктелмейді де, сырланбайды да. Күйеуімнің мүмкіндігі шектеулі. Үйіміз үш бөлмелі, жаңа үй берген жағдайда осы тәртіппен үш бөлмелі етіп берсе дейміз. Су, жарық бойынша мәселе жоқ. Бірақ апатты жағдайда болған соң ертерек көшкіміз келеді. 188-інші болып кезекте тұрмын. Бұған дейін біршама жылжыған, енді тоқтап тұр, — дейді Тасарық көшесі 7, а үйдің тұрғыны Пердегүл Қойбағарова.
Көршісі Дина Боқаева да тоз-тозы шыққан үйде шыбын жанын шүберекке түйіп өмір сүруге мәжбүр.
— Үйіміздің үсті шифермен жабылған, қар, жаңбыр жауғанда төбесінен су ағады. Негізі бетоннан салынған, газ баллоны жарылғаннан кейін бұрышын кірпішпен өріп кетті. Жертөле суға толы. Табиғи газ келмеген, сондықтан әлі күнге газ баллонын пайдаланамыз, — деді ол.
Гүлнар Өтегенова шамамен 40 жыл бұрын салынған Тасарық көшесіндегі 2-үйде тұрады. Бізбен сұхбатта кейіпкеріміз әбден ескіргендіктен оны қанша жөндегенмен пайда жоғын айтты.
— Жазда бір, қыста бір жөндейміз. Сонда да төбеден су ағады. Қысы-жазы маса. Жертөледегі суды талай мәрте ақша жинап тартқызғанмен қайтадан толады. Канализация құбырлары жөндеуге келмейді, шіріп кеткен. Сондықтан үйден шыққан лас су бірден жертөлеге кетіп жатыр. Жолдасым былтыр дүниеден өтті, бар ауыртпалық мойнымда қалды. Өз қалтамнан ақша шығарып, төбені жапқыздым. Бірақ басқа қаншама пәтердің төбесі қауіпті жағдайда тұр, бір күні ортасына түссе, кім жауап береді? — деді кейіпкеріміз.
Тұрғындар жыл бойы дезинфекцияға қыруар қаржы жұмсайды. Бірақ бәрібір егеуқұйрық пен тышқаннан құтылар емес.
— Аса қауіпті ауру тасымалдаушы жәндіктер болғасын қорқамыз. Еденнің астынан шығып жатыр. Таң атқанша сықырлатып, ұйқы бермейді. Көктем мен жазда балалайды, сол кезде тіпті қауіпті. Дүкеннен сатып алған дәріге өле қоймайды. Үйімді үнемі жуып-тазалап, терезені ашып, желдетіп отырамын. Баспанамыз ескі болғасын жамап-жасқағанмен нәтиже жоқ. Жазда аулада демалып отыру мүмкін емес, — деді Гүлнар Өтегенова.
Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбекке хабарласқанымызда ол тұрғын үй кезегі, үй беру тәртібін реттеу түгел Отбасы банктің құзырына өткенін растады.
Апатты жағдайдағы үйлерді жаңалау жөніндегі сұрағымызға облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев жауап берді.
Оның айтуынша, облыста сапасы сын көтермейтін 450 пәтер бар.
— Қаланың Титов шағынауданында 135 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс қарқынды. Осы айда, яғни желтоқсанда 135 отбасы жаңа қонысқа көшеді деп жоспарлап отырмыз. Тасбөгет болсын, қаланың басқа бөлігі болсын, кезегі келген отбасылар сонда қоныстанады, — деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Telegram әлеуметтік желісінде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Шалқия кентінде қараусыз қалған көпқабатты тұрғын үйге газ тартылғаны туралы бейнежазба тараған еді.