КҚК-ға жасалған шабуылдардан кейін Қашаған мұнайы Қытайға бағытталады
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кірісті.
Министрліктің мәліметінше, КҚК-ның теңіз терминалына жасалған шабуылдар мұнай экспортын толық тоқтатпаған. Қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған порт инфрақұрылымы арқылы жөнелту жалғасып жатыр.
– Қазіргі уақытта министрлік жүк жөнелтушілермен бірлесіп, мұнай көлемдерін жедел түрде қайта бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде Қашаған мұнайының белгілі бір бөлігі Қытайға бағытталды. Ахуал Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында болады, - деп атап өтті ведомстводан.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан наразылық білдірген еді.
Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумы желісімен мұнай тасымалдау неге тоқтатылғанын жазғанбыз.