ҚҚС-тің 16 пайызға дейін артуы теңге бағамына қалай әсер етеді

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы салық реформаларына қарамастан теңге бағамының неліктен нығайып келе жатқанын түсіндірді. Ұлттық банк басшысы валюта нарығында теңге бағамына ықпал ететін 2 трендтің бар екенін айтты. Оның бірі — 2026 жылдың қаңтарынан бастап ҚҚС-тің 16 пайызға дейін артуымен байланысты тұтынушылық сұраныстың өсімі.

— Көптеген кәсіпорын мен үй шаруашылықтары салық реформаларына дейін, яғни ҚҚС 16 пайызға көтерілгенге дейін мүмкіндігінше көп сатып алуға тырысады. Егер сіз желтоқсанда кір жуғыш машина немесе телефон импорттасаңыз, онда сіз 12 пайыз ҚҚС төлейсіз, ал қаңтарда ол 16 пайыз болады. Соған орай қазіргі уақытта импортқа сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Ал импорт доллармен жүзеге асырылады. Демек, сіз долларлық келісімшартпен импорттайсыз. Сондықтан долларға сұраныс өте жоғары, — деді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы осы жағдайларда теңге бағамының керісінше көтерілетініне назар аудартады. Оның айтуынша, бұл биыл қазан айында базалық пайыздық мөлшерлеменің 18 пайызға көтерілуімен байланысты. Ақша-кредит саясатын қатаңдатудың арқасында теңгелік құралдар халықаралық инвесторлар үшін тартымды бола түсті.

— Биыл орташа есеппен біздің нарықта бейінді инвестициялардың көлемі шамамен екі миллиард доллар болды. Қазіргі кезде теңгелік құралдардың құны өскендіктен, инвестициялық қауымдастық Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляциямен күресуде бірлесіп жұмыс істеп жатқанын байқап отыр. Яғни күрт өзгерістерді күтуге негіз жоқ, — деді ол.

Тимур Сүлейменов капитал қозғалысы үшін қолайлы ахуал бар екендігін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан нарығына әлемдік ойыншылардан ірі портфельді инвестициялары келіп жатыр.

— Айталық, Лондонда, Нью-Йоркте немесе Абу-Дабиде отырған Citibank, Goldman Sachs, JP Morgan сияқты инвестициялық басқарушының алдында бірнеше нарықтар тұр. Ол қайда инвестиция салу керек екендігін таңдай алады. Әрине, ол доллармен жұмыс істейді. Ол Қазақстанда құнды қағаздар, мәселен Қаржы министрлігінің облигацияларын сатып алу үшін долларларын теңгеге айырбастауы керек. Себебі құнды қағаз теңгемен сатылып жатыр. Осылайша, нарыққа келгенде ол долларын айырбастап, теңгелік қағаздар сатып алады. Долларды айырбастау арқылы ол доллар ұсынысын көбейтеді, яғни нарықта доллар көп болады. Осылайша, соңғы инвесторлар бізге қосымша 1,4 миллиард доллар әкелді, — деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ ол жақын арада теңге бағамының күрт құбылуына негіз жоқ екенін айтты.