Қазақстанға инженерлік қауымдастық не үшін қажет
Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым дамыған сайын инженерлердің біліктілігі мен халықаралық стандарттарды қолдануға қойылатын талаптар да артып келеді. Осыған байланысты сала мамандарының өзара тәжірибе алмасуы және мемлекеттік органдармен, бизнеспен байланысын нығайту маңызды.
Қазақстандағы ASHRAE ұйымы бөлімінің президенті Омар Оспановтың айтуынша, кәсіби қауымдастықтың басты міндеті — осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту.
— Бүгінде Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды қарқынды дамытып келеді. Осыған байланысты білікті инженерлерге, заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарға деген сұраныс артып отыр. Біздің мақсатымыз — мемлекеттік органдар, бизнес және инженерлік қауымдастық өкілдері тәжірибе алмасып, нақты шешімдер ұсынатын кәсіби алаң қалыптастыру. ASHRAE келесі конференциясы осындай ынтымақтастықты дамытудың жолындағы маңызды қадам болмақ, — деді Омар Оспанов.
Осылайша, Қазақстанда инженерлік саланы дамыту мәселесі мамандардың кәсіби байланысын нығайтумен ғана шектелмейді. Халықаралық тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеу, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және қалалық инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерге халықаралық сарапшылар да назар аударды.
Климат өзгерісі қалаларға жаңа талап қойып отыр
Қалалардың дамуы енді жаңа тұрғын үйлер мен жолдар салумен ғана шектелмейді. Ғимараттардың қанша энергия тұтынатыны, инженерлік желілердің сенімділігі және олардың ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп беруі де маңызды. Әсіресе ұзаққа созылатын аптап ыстық, құрғақшылық пен басқа да табиғи құбылыстар инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді.
Афина ұлттық обсерваториясының Қоршаған ортаны зерттеу және орнықты даму институтының ғылыми директоры, энергия үнемдеу тобының жетекшісі, ASHRAE ұйымының құрметті мүшесі Константинос Баларастың айтуынша, қазіргі қалалардың алдында өзара байланысты екі міндет тұр: энергия тұтынуды азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу.
Сарапшы қалалардың мұндай өзгерістерге дайындығын бағалаудың халықаралық тәсілдерін таныстырды. Олар ғимараттардың энергия мен су тұтыну көлемін, қоршаған ортаға әсерін, ішкі ортаның сапасын, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерді ескеруге негізделген. Мұндай бағалау инфрақұрылымның әлсіз тұстарын анықтап, қай нысандарды бірінші кезекте жаңғырту қажеттігін айқындауға көмектеседі.
— Қаланың өміршеңдігі оның қанша энергия тұтынатынына ғана емес, ғимараттары мен инфрақұрылымының төтенше жағдайларға қаншалықты төтеп бере алатынына да байланысты. Тәуекелдерді алдын ала бағалап, пайдалану шығындарын азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдау маңызды. Халықаралық бағалау құралдарын жергілікті жағдайларға бейімдеп, қалалардың дамуын жоспарлау кезінде қолдануға мүмкіндік бар, — деді Константинос Баларас.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін бұл тәсіл әсіресе жаңа тұрғын аудандарды жобалау, ескі ғимараттарды жаңарту және коммуналдық желілерді дамыту кезінде өзекті. Инженерлік шешімдерді таңдағанда олардың бастапқы құнымен қатар, ұзақ мерзімді пайдалану шығындарын да ескеру қажет.
Цифрландыру энергия мен суға сұранысты арттырады
Жиынға қатысқан мамандардың айтуынша, қалалық инфрақұрылымға түсетін салмақтың артуына цифрландыру да ықпал етіп отыр. Жасанды интеллект, бұлттық сервистер мен деректерді өңдеу орталықтарының дамуы электр энергиясына деген қажеттілікті көбейтеді. Мұндай нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін тұрақты қуат көзімен қатар, тиімді салқындату жүйелері қажет.
Константинос Баларастың айтуынша, салқындату технологияларын таңдауда энергия мен су шығынына ерекше назар аударылады. Өйткені жабдықтардың жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын ресурстар деректер орталығының пайдалану шығындарына тікелей әсер етеді.
— Кейбір салқындату жүйелеріне көп мөлшерде су қажет. Ал су тапшылығы бар өңірлерде бұл деректер орталықтарының жұмысына қиындық туғызуы мүмкін, — деді ол.
Сонымен қоса Константинос Баларас ауа сапасына да назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанның кейбір өңірлерінде болатын шаңды дауылдар жабдықтардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті деректер орталықтарын жобалағанда ауаны сүзу жүйелерін де қарастыру қажет.
— Ең алдымен үш мәселеге мән беру керек. Олар — жабдықтарды дұрыс таңдау, су тапшылығы және ауа сапасы. Инженерлер осы жағдайлардың барлығын жан-жақты зерттеп, тиімді шешім қабылдауы тиіс, — деді сарапшы.
Константинос Баларастың пікірінше, Қазақстанда деректер орталықтарын салғанда қыстың суығы мен жаздың ыстығын қатар ескерген жөн. Бұл электр энергиясы мен суды үнемдеуге, сондай-ақ орталықтардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Астанадағы жиында сарапшылар цифрлық инфрақұрылымды дамыту кезінде осы факторларды алдын ала есептеу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі, салқындатуға кететін ресурс көлемі және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету шығындары ескерілуі тиіс.
Түркия тәжірибесі Қазақстанға не береді
Заманауи инфрақұрылым қалыптастыру үшін жаңа технологиялармен қатар, оларды халықаралық талаптарға сай жобалап, пайдалана алатын мамандар қажет. Осы тұрғыдан алғанда, инженерлердің кәсіби қауымдастығын дамыту мен шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасудың маңызы зор.
Бұл мәселеге ASHRAE ұйымының Түркиядағы бөлімінің мүшесі және ASHRAE Turkish Chapter (2026–2027) басқармасының хатшысы Ханде Актен Чёл тоқталды.
Оның айтуынша, Түркияда ASHRAE ұйымының жергілікті бөлімі инженерлерді, жобалаушыларды, жабдық өндірушілерді, университеттер мен жас мамандарды біріктіреді. Мұндай кәсіби байланыс халықаралық техникалық стандарттарды жергілікті нарықтың қажеттіліктеріне бейімдеуге ықпал етеді.
— Инженерлік саланың дамуы үшін мамандардың өзара тәжірибе алмасуы мен кәсіби ынтымақтастығы аса маңызды. Түркия тәжірибесі ASHRAE ұйымының жергілікті бөлімдері арқылы инженерлердің халықаралық тәжірибемен танысып, біліктілігін арттыруына және шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуына мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Қазақстанда да заманауи технологиялық сын-қатерлерге төтеп бере алатын мықты инженерлік қауымдастық қалыптастыруға толық мүмкіндік бар, — деді Ханде Актен Чёл.
Сарапшының пікірінше, заманауи инженерлік тәсілдерді қолдану мемлекетке қоғамдық ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға, бизнеске пайдалану шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал тұрғындар үшін оның нәтижесі мектептерде, ауруханаларда, тұрғын үйлер мен басқа да қоғамдық нысандарда жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуынан көрінеді.
Астана халықаралық инженерлік ынтымақтастық алаңына айналмақ
Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері алдағы жылы да халықаралық деңгейде талқыланады. 2027 жылғы 29–30 сәуірде Астанада ASHRAE Kazakhstan Spring Conference 2027 конференциясын өткізу жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиынға халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар, инженерлер және деректерді өңдеу орталықтарының операторлары қатысады. Бағдарлама аясында 25-тен астам спикер сөз сөйлеп, 30-дан астам техникалық сессия өткізу көзделген.
Конференцияда деректер орталықтарын жобалау, заманауи салқындату технологиялары, энергия тиімділігі, халықаралық стандарттар, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу жүйелеріне арналған инженерлік шешімдер қарастырылады. Сондай-ақ инженерлік жабдықтар мен жобалаудың цифрлық құралдарын қолдану тәжірибесі таныстырылады.
Астанада өткен баспасөз конференциясында көтерілген мәселелер Қазақстан қалаларын дамытуда инженерлік шешімдерге жаңаша қарау қажеттігін көрсетті. Энергияға сұраныс өсіп, климаттық жағдай өзгеріп жатқан кезеңде инфрақұрылымның сенімділігі мен ресурстарды тиімді пайдалану қалалардың алдағы дамуына тікелей әсер етпек.
Айта кетейік, бұған дейін жиынға қатысқан шетелдік сарапшы елдегі энергия тапшылығын шешу жолдарын атаған еді.